Қырғызстанда үкімет ауысты. Премьер-министр Жомарт Оторбаев кетіп, орнына 27-ші премьер-министр Темір Сариев келді. Қарап тұрсаң, тәуелсіздік алғалы бері бұл елде үкімет басшылары жылға жетпей ауысып отырған.
Соңғы біраз жылдан бері бұл елде «Құмтөр» алтын кен орны бітпейтін дауға айналып келеді. Ол біраз үкімет басшыларының да түбіне жетті. Парламентте Жогорку Кенештегі дауды айтпағанда, ауылдағы белсенділер атқа мініп, сол кенге баратын жолды жауып, айқайға басатын. Сондағы талап – осынау үлкен байлық көзі мемлекет меншігіне алынсын дейді. Сырт қарағанда, орынды да сияқты. Бірақ келісім деген бар, халықаралық заң бар дегендей, соның бәрін бұза салудың да жөні жоқ. Сөйтіп, дау жалғаса береді.
Келісім дегенде, Канаданың Centerre Gold компаниясымен үкімет жасаған шарт бойынша мемлекет компания акциясының үштен біріне, яғни 33 пайызына ие. Айқайшылар неге кем дегенде 50 пайыз емес дейді. Қарапайым тілмен айтқанда, онда канадалық компания осынау көп қаржы талап ететін қиын кен орнын игеруді қолға да алмас еді. Ал Қырғызстанның өзі игеруге шамасы жоқ. Кеніш игерілмей жатар еді. Ал бұл елдің бюджетіне сол 33 пайыз акцияның өзі үлкен қор болып қосылады. Сөйтіп, сол бітпейтін даудың салдарынан кен орны бірде істеп, бірде тоқтап, берекесі кетіп тұр. Билік, яғни үкімет оның жұмыс істегенін қалайды, ал оппозицияға халық қамын жегендей арзан дау-дамай керек.
Жомарт Оторбаевтың түбіне де сол дау жетті. Ол алтын өндіретін компанияның директорлар кеңесі құрамына үш қырғыз және бес канадалық маманды ұсынған еді, оны парламент мақұл көрмеді. Жұмысты атқаратын канадалықтар деген уәжге депутаттар құлақ аспады. Премьер-министр бұдан кейін жұмыстан кету жөнінде өтініш берді. Президент оны бір сөткеден кейін-ақ бекітті. Жаңа премьер де оңай табылды. Жогорку Кенеште 99 депутаттың 97-сі Темір Сариевтің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Араға төрт күн салып оны президент Алмазбек Атамбаев та бекітіп жіберді.
Қырғыз елі 52 жастағы Темір Арғымбайұлы Сариевті жақсы біледі. Ол – көптен бері саясатпен айналысып келе жатқан қайраткер. Бұрынғысын былай қойғанда, 2010 жылы уақытша үкіметтің басшысы да болған. Ал 2011 жылдан «Ақшумқар» партиясы атынан экономика министрі болып тағайындалды. Көп жағдайда билікке қарсы негізді пікірлер айтатын парасатты оппозициялық бағытты ұстанып келді. Сонысымен де, айтарлықтай беделге ие болып жүрді. Сарапшылардың көпшілігі оның үкіметті басқаруын орынды санайды.
Бұрынғы премьер-министр «Құмтөр» дауымен кетсе де, Сариев сайланғанда бір сәт сол дау ұмытылғандай болған. Ешкім одан бұл мәселеге қалай қарайсың деп сұраған да жоқ. Бірақ күндердің күнінде ол Сариевтің де алдынан шығары анық. Ол ғана емес-ау, жаңа премьер-министр Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты да өткір мәселелерге кезігеді. Десек те, қырғыз елі үкіметін басқаруға білікті маман, пайымды саясаткер келді-ау деген ой көңілге орала береді.